QAZAQ GREEN. Дүниежүзілік банктің Атқарушы директорлар кеңесі өңірдегі алғашқы ортақ электр энергиясы нарығын қалыптастыруға, трансшекаралық сауданы кеңейтуге және энергетикалық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған «Орталық Азияда электр энергиясы нарығын дамыту және энергия жүйелерін интеграциялау» (REMIT) он жылдық бағдарламасын бекітті.
Бағдарлама үш кезеңде іске асырылады және энергетикадағы өңірлік әріптестікті дамытуға, электр желілерінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және жаңартылатын энергия көздерін ауқымды интеграциялау үшін жағдайлар жасауға бағытталған. REMIT аржыландырудың жалпы болжамды көлемі 1,018 миллиард долларды құрайды.
Бірінші кезеңде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан және Өзбекстан, сондай-ақ Орталық Азия мемлекеттерінің «Энергия» үйлестіру-диспетчерлік орталығы гранттар мен жеңілдікті қаржыландыру түрінде 143,2 млн доллар алады. Оның ішінде 140 млн доллар Дүниежүзілік банктің Халықаралық даму қауымдастығының ресурстары есебінен, тағы 3,2 млн доллар – Орталық Азияға арналған су-энергетикалық бағдарлама (CAWEP) шеңберінде беріледі.
Дүниежүзілік банктің материалдарында атап өтілгендей, өңірде электр энергиясына сұраныс жеделдетілген қарқынмен өсуде және ағымдағы үрдістер сақталса, 2050 жылға қарай үш есе артуы мүмкін. Бұл ретте Орталық Азия елдері арасында электр энергиясының саудасы шектелген күйінде қалып отыр – жалпы сұраныстан шамамен 3%, ал өңірдің жоғары әлеуетіне қарамастан, өндірістегі жаңартылатын көздердің үлесі шамамен 4% құрайды.
REMIT бағдарламасы өзара толықтыратын энергия ресурстарын: Қырғызстан мен Тәжікстанның гидроэнергетикасын, Қазақстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның жылу генерациясын, сондай-ақ өңірдің барлық елдерінде әлеуеті бар күн және жел энергетикасын неғұрлым тиімді пайдалануды көздейді.
Он жыл ішінде өңірлік электр энергиясы саудасының көлемі кемінде жылына 15 мың ГВт·сағ дейін өседі, электр беру желілерінің өткізу қабілеті үш еседен астамға – 16 ГВт-қа дейін ұлғаяды, ал Орталық Азия елдерінің энергия жүйелеріне 9 ГВт-қа дейін таза энергия қуаты біріктіріледі деп күтілуде. Бұл электр энергиясының үзілу қаупін азайтып, халық пен бизнес үшін оның құнын төмендетуі керек.
Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша, 2050 жылға қарай энергетикалық интеграцияны тереңдету және электр энергиясы саудасын дамыту аймаққа 15 миллиард долларға дейін экономикалық пайда әкелуі мүмкін. Бағдарламаны іске асырудың бірінші кезеңінде 900 МВт-қа жуық жаңа таза энергия қуатын интеграциялау және 700 млн долларға жуық жеке инвестицияларды жұмылдыру жоспарлануда.
Нарықтық және институционалдық іс-шараларды іске асыру «Энергия» үйлестіру-диспетчерлік орталығына жүктеледі, ал электр энергиясын беру жөніндегі ұлттық компаниялар инфрақұрылымдық инвестициялармен айналысады. Бағдарламаны жалпы қадағалауды Орталық Азия елдерінің бейінді министрліктері мен ведомстволарының қатысуымен өңірлік басқару комитеті жүзеге асырады.
REMIT бірінші кезеңін қаржыландыруға қатысатын Орталық Азияға арналған су-энергетикалық бағдарлама (CAWEP) Дүниежүзілік банк Еуропалық одақпен, Швейцариямен және Ұлыбританиямен серіктестікте басқаратын және су мен энергетикалық қауіпсіздік саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған донорлық нысаналы қор болып табылады.
