«Жасыл» облигациялар арқылы қаржыландырылатын жобалардың таксономиясы бекітілді

«Жасыл» облигациялар арқылы қаржыландырылатын жобалардың таксономиясы бекітілді

QAZAQ GREEN.  Қазақстанның Экология және табиғи ресурстар министрі 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен «жасыл» облигациялар мен «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландырылатын «жасыл» жобалардың таксономиясын бекітті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Таксономия қолда бар табиғи ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға, қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға, энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыруға, климаттың өзгеру салдарын жұмсартуға және климаттың өзгеруіне бейімделуге бағытталған.

Таксономия мынадай деңгейлер мен элементтерді қамтиды:

  • 1-деңгей – таксономияның негізгі санаттары;
  • 2-деңгей – негізгі санаттар шеңберіндегі «жасыл» жобалардың секторлары;
  • 3-деңгей – секторлар шеңберіндегі «жасыл» жобалардың қосалқы секторлары;
  • Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішінің (ЭҚЖЖ) коды – заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктер тіркеу кезінде мәлімдеген экономикалық қызмет түрі;
  • таксономия санаттарына жататын жобалар мен технологиялардың мысалдары;
  • шекті мән – экономикалық қызмет түрлеріне, активтер мен жобаларға қойылатын сандық және сапалық критерийлердің шекті көрсеткіштері. Жобаны «жасыл» жоба ретінде тану үшін осы көрсеткіштерге қол жеткізу қажет. Шекті критерий сертификаттау немесе таңбалау талаптары түрінде де белгіленуі мүмкін. Бұл таксономияда көрсетілген стандарттарға сәйкестікті растауды немесе жекелеген қосалқы секторлар үшін тиісті таңбаның болуын қамтиды.

Таксономия мынадай санаттарды қамтиды:

  • Жаңартылатын энергия – жел, күн, геотермалдық, су және биоэнергетика, жаңартылатын энергия көздеріне арналған жеткізу тізбектері мен қосалқы инфрақұрылым, сутегі өндірісі;
  • Энергия тиімділігі – қолданыстағы және салынып жатқан өнеркәсіптік нысандар мен агроөнеркәсіптік секторда энергия тиімділігін арттыру, бюджеттік және коммуналдық секторлардағы энергия тиімділігі, энергия тиімді ғимараттар мен құрылыстар;
  • «Жасыл» ғимараттар – экологиялық талаптарға сай ғимараттар, ілеспе жүйелер мен құрылыс материалдары, «жасыл» инфрақұрылым;
  • Ластанудың алдын алу және оны бақылау – ауа мен топырақ сапасы;
  • Су мен қалдықтарды тұрақты пайдалану – суды тұрақты пайдалану және үнемдеу, қалдықтар мен ағынды сулар, ресурстарды сақтау және қалпына келтіру;
  • Тұрақты ауыл шаруашылығы, жер пайдалану, орман шаруашылығы, биоалуантүрлілікті сақтау және экологиялық туризм – тұрақты ауыл шаруашылығы, ормандарды тұрақты басқару, биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтау, тұрақты туризм;
  • Таза көлік – көміртегі шығарындылары төмен көлік құралдары, төмен көміртекті жүк тасымалы, таза көлік инфрақұрылымы, көлік саласындағы таза ақпараттық-коммуникациялық технологиялар;
  • Өтпелі энергетика – газ тәрізді қазба отынынан электр және жылу энергиясын өндіру, қатты отынды сұйық немесе газ тәрізді отынға ауыстыру, технологиялық газ, атом энергетикасына арналған жабдық өндіру, атом электр станцияларын салу және пайдалану.

ЭҚЖЖ кодтары тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндірушілерге және экономикалық қызмет түрлерінің жіктелуін есепке алатын ұйымдарға таксономияны қолдануды жеңілдету үшін берілген. Сондай-ақ олар компанияларға өз экономикалық қызметіндегі таксономияға сәйкес келетін айналым үлесі туралы ақпаратты ерікті түрде жариялауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге ЭҚЖЖ кодтары жобаны өздігінен «жасыл» жоба санатына жатқызуға негіз болмайды.

Бұйрық 2026 жылғы 10 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.

https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3930/

Scroll to Top