Түрікменстанның Йолотен қаласындағы ауруханаға күн панельдері орнатылды

Түрікменстанның Йолотен қаласындағы ауруханаға күн панельдері орнатылды

 

QAZAQ GREEN. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) Түрікменстанның Денсаулық сақтау және медициналық өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, Марый уәлаятының Йолотен қаласындағы аудандық ауруханаға екі күн фотоэлектрлік жүйесін орнатуды аяқтады, деп хабарлайды Turkmen Portal.

Қондырғылардың жалпы қуаты 30 кВт құрайды. Жабдық аурухананы жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясымен қамтамасыз етіп, аса маңызды медициналық көмектің үздіксіз көрсетілуіне, энергия тиімділігін арттыруға және дәстүрлі энергия ресурстарына тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ұйымның баспасөз хабарламасында айтылған.

Әрбір күн қондырғысы электр энергиясы өшіп қалған жағдайда 12 сағатқа дейін резервтік қуатпен қамтамасыз ететін энергия жинақтау аккумуляторлық жүйесімен жабдықталған.

Бұл бастама елдің денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығын, экологиялық қауіпсіздігін және климаттың өзгеруіне бейімделу мүмкіндігін арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар ол тұрақты даму жөніндегі кең ауқымды мақсаттар мен Түрікменстанның климаттық басымдықтарына қол жеткізуге ықпал етеді.

Болжам бойынша, күн панельдері жыл сайын шамамен 46 МВт·сағ жаңартылатын электр энергиясын өндіреді. Бұл парниктік газдар шығарындыларын жылына шамамен 25 тонна CO₂-ге қысқартуға мүмкіндік береді. Жаңартылатын энергия көздерін медициналық инфрақұрылымға енгізу «жасыл» энергетикаға салынған инвестициялардың қоғамдық денсаулықты қорғауға, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылға қатар ықпал ете алатынын көрсетеді.

Йолотен қаласындағы этраптық ауруханада өткен ашылу рәсімінде ұйымның Түрікменстандағы тұрақты өкілі Нарине Саакян бұл бастаманың стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, сенімді әрі таза энергия тұрақты денсаулық сақтау жүйесінің негізі болып саналады. Мұндай жобалар жаңартылатын энергетикаға салынған инвестициялардың қоғамдық денсаулықты нығайтуға және экологиялық тұрақтылықты арттыруға, медицина секторындағы көміртек ізін азайтуға және көрсетілетін қызметтердің сенімділігін арттыруға қалай ықпал ететінін көрсетеді.

Жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін аурухана қызметкерлері күн фотоэлектрлік жүйелерін пайдалану және техникалық қызмет көрсетуге, соның ішінде панельдерді тазалауға қатысты барлық негізгі бағыттар бойынша кешенді оқытудан өтті.

Ұйым әлемнің 170 елі мен аумағында жұмыс істейді. Ол мемлекеттерге тиімді саясат әзірлеуге, әлеуетті арттыруға, серіктестік байланыстар орнатуға, институционалдық мүмкіндіктерді дамытуға және даму нәтижелерін ұзақ мерзімде сақтауға мүмкіндік беретін тұрақтылықты күшейтуге қолдау көрсетеді.

https://qazaqgreen.com/kz/news/central-asia/3771/

Scroll to Top