
QAZAQ GREEN.Қазақстан мен Корея Республикасы энергетика, жаңартылатын қуат көздері және аса маңызды минералдар салаларындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапары аясындағы кездесулер мен келіссөздерде аталды.
Ақорда баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-корей іскерлік дөңгелек үстелінде аса маңызды минералдардың әлемдік экономиканың стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі тез дамып келе жатқан секторы саналатынына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстанның жер қойнауында осы стратегиялық ресурстардың мол қоры бар. Бұл өндірістің озық салаларында және басқа да табысы жоғары секторларда қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға мүмкіндік береді.

Президент Корея тарапы Қазақстанның қазба байлықтарын игеруге инвестиция салып қана қоймай, технологиялық тәжірибесімен де бөліскенін атап өтті. Осы бағытта қосылған құны бар толыққанды өндіріс тізбегін бірлесіп дамыту үшін «Ресурс – технология – өнеркәсіп» моделін ұсынды.
Алматыда ашылатын Сирек кездесетін металдар саласындағы технологиялық ынтымақтастық орталығы осы модель аясындағы серіктестікті қалыптастырудың бір қадамы ретінде аталды. Мемлекет басшысы ғалымдардың ортақ ізденісі нәтижесінде ресурстық базаны зерттеу жұмыстары нақты өнеркәсіп жобаларына ұласатынына сенім білдірді.
Энергетика саласында да ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері бар. Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық компаниялардың Қазақстанның энергетика секторына қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Hyundai Engineering Қарашығанақ газ өңдеу зауытының құрылысында жетекші рөл атқарып отыр. Сонымен қатар газ өңдеу, мұнай химиясы, энергетика инфрақұрылымы және жаңартылатын қуат көздері салаларында серіктестік аясын кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар.
Қазақстан мен Корея энергетика саласындағы ынтымақтастықты институционалдық деңгейде де талқылады. Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша Қазақстанның Энергетика министрлігі мен Кореяның Климат, энергетика және қоршаған орта министрлігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Жасыл экономика мәселелері де Мемлекет басшысының Сеулдегі кездесулерінің күн тәртібінде болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) төрағасы Пан Ги Мунмен кездесуде дамушы елдердің «жасыл экономика» моделіне көшуіне қолдау көрсететін институттың қызметіне тоқталды. Пан Ги Мун Қазақстанның орнықты даму саласындағы табыстарын құптап, дүниежүзілік климат күн тәртібі аясындағы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін айтты.
Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықтың энергетика және минералдық ресурстар бағыттары екі елдің жаңартылатын қуат көздері, технологиялық даму және жоғары қосылған құн тізбектерін қалыптастыру салаларындағы өзара іс-қимылының ықтимал бағыттары ретінде қарастырылды.









