
QAZAQ GREEN. Астанада 22–24 сәуір күндері БҰҰ-мен серіктестікте 2026 жылғы Өңірлік экологиялық саммит (ӨЭС) өтеді, оның аясында әріптестікті дамытуға және бірлескен бастамаларды іске қосуға ерекше назар аударылады. Тақырыптық сессиялардың қорытындысы бойынша практикалық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған 30-дан астам бірлескен бастама, меморандумдар мен келісімдер қабылдау немесе оларға қол қою күтілуде. Бұл туралы ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
«Бұл шара диалогтан нақты іс-қимылдарға көшуге және өңірлік кооперацияны күшейтуге мүмкіндік береді», – деп нақтылады спикер.
Сонымен қатар ол Саммиттің демеушілер қаражаты есебінен ұйымдастырылатынын атап өтті.
Саммит алаңдарында RES EXPO-2026 халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу жоспарда бар. Онда Орталық Азия елдерінің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары өңірдегі экологиялық жағдайды жақсарту үшін енгізіліп жатқан технологияларды ұсынады.
«Саммитке практикалық бағыт беру және қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты бизнес-шешімдерге айналдыру мақсатында Саммит аясында EXPO халықаралық көрме орталығы алаңында «RES 2026 EXPO» тұрақты шешімдердің халықаралық жасыл технологиялар көрмесін өткізу көзделген. Іс-шара халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, тұрақты технологияларды ілгерілетуге және экология мен тұрақты даму саласында инвестициялық әрі сараптамалық экожүйе қалыптастыруға бағытталған», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, шараға әлемнің 30 елінен компаниялардың қатысуы күтілуде және қатысушылар географиясы кеңейіп келеді. Көрме аясында экологиялық күн тәртібін түрлі өзара іс-қимыл форматтары арқылы жан-жақты ашуға бағытталған мазмұнды мәдени-іскерлік бағдарлама көзделген.
Көрме аясында Орталық Азия елдерінің ұлттық павильондары, салалық тақырыптық аймақтар мен Қазақстанның туристік әлеуетін таныстыру көзделген.
Жалпы алғанда, Саммит мемлекеттер, халықаралық ұйымдар және өзге де мүдделі тараптардың күш-жігерін үйлестіруге арналған тиімді алаңға айналып, Орталық Азияның жаһандық климаттық күн тәртібіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді, сондай-ақ орнықты болашаққа қол жеткізудегі өңіраралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.
Сондай-ақ мемлекет басшыларын, халықаралық ұйымдардың жетекшілерін, министрлер мен делегация басшыларын қоса алғанда, 93 жоғары лауазымды қонақтың қатысуы күтілуде. Бұл іс-шараға елімізге елеулі саяси салмақ беріп, оның халықаралық маңыздылығын айқындай түседі.
Айта кетерлігі, Саммит ең алдымен нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған. Оның қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының экология және орнықты даму саласындағы өңірлік ынтымақтастық туралы бірлескен декларациясы қабылданады деп күтілуде.
Сонымен қатар қабылданған шешімдерді іске асыру құралы ретінде Орталық Азияның орнықты болашағы үшін БҰҰ агенттіктерімен бірлескен Өңірлік іс-қимыл бағдарламасы айқындалады, ол Саммиттің тақырыптық бағыттары бойынша өңірлік бастамаларды қамтиды.
Шара аясында табиғат жайлы бастамаларды іске асыру, соның ішінде циркулярлық экономика бойынша әріптестіктің Негіздемелік бағдарламасын қалыптастыру көзделген. Аталған бағдарлама өндіріс пен тұтынудың орнықты модельдерін дамытады. Бұл ресурстарды неғұрлым ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеп, оларды экономикалық айналымға қайтару, сондай-ақ қоршаған ортаға түсетін жүктемені кезең-кезеңімен азайту моделіне көшу туралы сөз қозғалады. Бұл тәсілдерді іске асыру бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады, инвестиция тартуға ықпал етеді, инновациялық шешімдерді енгізуді ынталандырады және өңірлік ынтымақтастықты нығайтады.
https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3475/
