
Бағдарламаның маңызды серіктестерінің бірі – бастаманың инвестициялық бағытын дамытуға қолдау көрсететін Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі. Банктің қатысуы іріктелген технологиялық шешімдерді іс жүзінде іске асыру және оларды қаржыландыру мүмкіндіктері тұрғысынан қарастыруға жол ашады.
Семинар барысында климаттық бастамаларды қаржыландыру мүмкіндіктері таныстырылды. Перспективалы бағыттар қатарында жасыл инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіпті декарбонизациялау, жаңартылатын энергия көздері мен тұйық циклді жүйелерді енгізу, сондай-ақ кедергілерді талдау нәтижелері мен басым секторлар бойынша әзірленген технологиялық іс-қимыл жоспарлары ұсынылды. Аталған құжаттар климаттық технологияларды енгізуге кедергі келтіретін реттеушілік, қаржылық және техникалық мәселелерді шешу жөніндегі шараларды қамтиды. Оларды іске асыру экономиканың түрлі салаларын жаңғыртуға және экологиялық таза шешімдерді кеңінен қолдануға қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді. Жұмыстың жеке кезеңі ретінде одан әрі пысықтауға және қаржыландыру көздерін іздеуге арналған жобалық ұсыныстар портфелі таныстырылды. Алдағы уақытта бұл бастамалар Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі (АИИБ), Жасыл климат қоры (ЖКҚ), Қазақстанның Даму Банкі және басқа да халықаралық қаржы серіктестерінің қатысуымен инвестициялық жобаларды әзірлеуге негіз бола алады.
Талқылаудың тағы бір бағыты TNA жобасының нәтижелерін 2026–2027 жылдарға арналған Жасыл климат қорының (ЖКҚ) Readiness III бағдарламасы аясында Қазақстанның климаттық инвестициялық платформасын құру жұмысымен үйлестіру болды. Платформа хатшылығын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) базасында орналастыру жоспарланып отыр. Платформа Қазақстанның жаңартылған Ұлттық деңгейде айқындалатын үлесін (ҰАҮ) іске асыруға, сондай-ақ 2060 жылға дейінгі көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын жүзеге асыруға ықпал етуге бағытталған. Сонымен қатар ол климаттық бастамаларды қаржыландыруға дайындау үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Екі бастаманың өзара сабақтастығы климаттық шешімдерді кезең-кезеңімен ілгерілетуге мүмкіндік береді. Бұл үдеріс технологиялық қажеттіліктерді айқындау мен іс-қимыл жоспарларын әзірлеуден бастап, халықаралық қаржы институттарының талаптарына сәйкес келетін инвестициялық жобаларды қалыптастыруға дейінгі кезеңдерді қамтиды.
Осылайша, TNA жобасы Қазақстанда климаттық технологияларды жүйелі түрде дамытуға негіз қалайды. Жоба нәтижелері экономиканың басым салаларын технологиялық жаңғыртуға, жасыл инвестициялар тартуға және климаттық күн тәртібі аясындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етуге бағытталған.
TNA жобасы 2025 жылы басталып, 2026 жылғы желтоқсанда аяқталады деп жоспарланған. Жоба Париж келісімінің 10-бабына және UNEP-CCC әдіснамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты – климаттық технологиялардың неғұрлым перспективалы бағыттарын айқындаумен қатар, оларды енгізуге кедергі келтіретін факторларды анықтау, осы кедергілерді еңсерудің практикалық шараларын әзірлеу және технологиялық басымдықтардан нақты инвестициялық жобаларға көшу үшін қажетті жағдайлар қалыптастыру.
«Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ (IGTIC) – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ведомстволық бағынысты ұйым. Орталық жасыл технологияларды ілгерілету, экологиялық жобаларға инвестициялар тарту және орнықты даму саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытында жұмыс істейді.



