
QAZAQ GREEN. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында 2029 жылға қарай тұрақты энергия профицитіне қол жеткізудің бір бағыты ретінде жаңартылатын энергетиканы, әсіресе күн электр станцияларын дамытуды атады.
Мемлекет басшысы бұл міндетті орындау үшін қажетті шараларды атап өтті.
«Біз жаңа электр станцияларын салып, қолданыстағы станциялар мен электр беру желілерін жаңғыртуға, көмірмен электр энергиясын өндірудің “таза” технологияларын толыққанды дамытуға және жаңартылатын энергетикаға, әсіресе күн электр станцияларына назар аударуға тиіспіз. Жалпы, Үкімет 2035 жылға дейінгі елдің бірыңғай ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімін өзектендіруге тиіс», — деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, қазіргі электр энергиясын өндіру көлемі елдің қажеттілігін өтеуге жеткіліксіз.

«Қазақстанда жыл сайын 123 млрд киловатт-сағат электр энергиясы өндіріледі. Өнеркәсібі, құрылысы мен агроөнеркәсіптік кешені дамып келе жатқан, ең бастысы, экономиканы жаппай цифрландыруды және жасанды интеллектіні қоғамдық өмірдің барлық саласына енгізуді, соған сәйкес деректерді өңдеу орталықтарын салуды жоспарлаған ел үшін өндірілетін электр энергиясының бұл көлемі мүлде жеткіліксіз», — деп атап өтті ол.
Мемлекет басшысы электр энергиясымен қамтамасыз етілу елдің бәсекеге қабілеттілігі мен экономикалық егемендігін айқындайтын шешуші фактор екенін айтты.
«Қазіргі жағдайды, шын мәнінде, “электр энергиясы дәуірі” деп атауға болады. Қазақстан үшін шикізаттық артықшылығын энергетикалық және технологиялық тұрғыдан тұрақты ілгерілеуге айналдыру аса маңызды», — деп атап өтті Президент.
Тоқаев Қазақстанның энергетика саласында жыл сайын елеулі тапшылық туындайтынын айтты.
«Қыс мезгілінде сұраныс шарықтайтын кезде көрші елдерден электр энергиясы қымбат бағамен сатып алынады, ал жазда сол электр энергиясы күрт төмен бағамен кері қайтарылады. Міне, ондаған жылдан бері жалғасып келе жатқан қарапайым “бизнес” осындай», — деді ол.
Президент кезінде Балқашта жылу электр орталығының басталып қойған құрылысы тоқтап қалғанын, ал қазір Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында жаңа генерациялау қуаттарын іске қосу мерзімдері бұзылып жатқанын да атап өтті.
Мемлекет басшысы атом энергетикасына да жеке тоқталды. Ол жалпыхалықтық референдум қорытындысы бойынша бірнеше атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданғанын еске салып, Қазақстандағы атом электр станцияларының алдағы жүз жылдағы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін уранның мемлекеттік стратегиялық қорын құру мәселесін қарастыруды ұсынды.
«Менің ойымша, келесі жылдың өзінде “Балқаш” атом электр станциясының құрылысын бастауға кірісуге болады, тіпті бұл қажет те болуы мүмкін. Сондай-ақ “Мойынқұм” атом электр станциясының құрылысын мүмкіндігінше тез бастау үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қою керек», — деп мәлімдеді Тоқаев.

