Astana ESG Forum 2026: Қазақстанға төмен көміртекті технологияларға $610 млрд қажет – Қуантыров

Astana ESG Forum 2026: Қазақстанға төмен көміртекті технологияларға $610 млрд қажет – Қуантыров

 

QAZAQ GREEN.  Қазақстанның 2060 жылға дейін төмен көміртекті технологияларға инвестициялық қажеттілігі шамамен 610 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров екінші жыл сайынғы Astana ESG Forum 2026 форумында мәлімдеді.

Министр «Қазақстанның ESG күн тәртібінің стратегиялық негіздері: бір жылдан кейін» атты пленарлық сессияда сөз сөйледі.

«Қазақстанның 2060 жылға дейін төмен көміртекті технологияларға инвестициялық қажеттілігі шамамен 610 млрд АҚШ долларын құрайды. Бұл соманың шамамен 386,3 млрд долларын қолданыстағы инвестициялық ағындарды экономиканың экологиялық тұрғыдан неғұрлым таза бағыттарына қайта бағдарлау есебінен қамтамасыз ету көзделіп отыр, ал тағы 223,7 млрд доллар жаңа инвестициялық ресурстарды тарту есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл – ауқымды міндет, оны тек мемлекеттік бюджет есебінен шешу мүмкін емес. Сондықтан жеке капиталдың, банк секторының, халықаралық қаржы институттары мен даму институттарының белсенді қатысуымен климаттық қаржыландырудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңызы зор», – деді Әлібек Қуантыров.

Жасыл климат қорының қолдауымен министрлік Елдік инвестициялық платформаны әзірлеп жатыр. Оған экономиканың барлық саласындағы жобалар портфелі енгізіледі. Бұл жобалар аралас қаржыландыру құралдары арқылы іске асырылатын болады.

Министр жасыл таксономияны орнықты қаржыландырудың маңызды құралы деп атады. Ол жобаларды экологиялық орнықты жобалар қатарына жатқызу өлшемшарттарын белгілейді және жасыл облигациялар мен кредиттер нарығын дамытуға, сондай-ақ декарбонизацияға, энергия тиімділігіне, жаңартылатын энергетикаға және қоршаған ортаны қорғауға жеке капитал тартуға ықпал етеді.

Ұлттық түгендеу деректеріне сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы парниктік газдардың жалпы шығарындылары 355 млн тонна CO₂-эквивалентін құрады. Бұл 1990 жылғы деңгейден (395 млн тонна) 10,3%-ға төмен. Алайда 2021 жылмен салыстырғанда экономикалық белсенділіктің қалпына келуі мен энергия тұтынудың артуына байланысты шығарындылар көлемі өсіп келеді.

Негізгі жүктеме энергетика секторына түседі – 290,5 млн тонна CO₂-эквиваленті. Ауыл шаруашылығына 36,4 млн тонна, өнеркәсіптік процестерге 25,7 млн тонна, қалдықтар секторына 7,1 млн тонна тиесілі.

Ұлттық деңгейде айқындалатын жаңартылған үлеске (NDC 3.0) сәйкес, Қазақстан 2035 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда халықаралық қолдаусыз 17%-ға, ал халықаралық қолдау болған жағдайда 25%-ға дейін қысқартуды көздеп отыр. Климаттық саясаттың стратегиялық негізі ретінде 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы да қызмет етеді.

Министрлікте шығарындылар квоталарының сауда жүйесін жетілдіру жоспарлары туралы да айтылды. Резервтен аукциондық сауда-саттықты іске қосу күтілуде, квоталарды ақылы ету тетігі қарастырылады, ал төмен көміртекті жобаларды іске асыратын бизнеске мемлекеттік қолдаудың қосымша шаралары енгізіледі. Бұдан бөлек, ең озық қолжетімді технологиялар бойынша 24 салалық анықтамалық бекітіліп, шамамен 22 кешенді экологиялық рұқсат берілген.

«ESG күн тәртібін тиімді ілгерілету үшін мемлекет тарапынан болжамды реттеу, ал бизнес тарапынан жауапты технологиялық инвестициялар қажет», – деп атап өтті министр.

Форум аясында «Qazaq Green» жаңартылатын энергия қауымдастығы, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы және KAZENERGY қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігі, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ және Coca-Cola İçecek Kazakhstan арасында ReStart жобасының 11-маусымын бірлесіп іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды.

https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3980/

Scroll to Top