БҰҰ климат жөніндегі есебін жариялады 1,5°C межесінен асу қаупі күшейіп отыр

БҰҰ климат жөніндегі есебін жариялады 1,5°C межесінен асу қаупі күшейіп отыр

QAZAQ GREEN. Адамзат климаттық апаттың алдын ала алады, бірақ ол үшін шұғыл әрі батыл әрекет қажет. Бұл туралы сейсенбіде жарияланған БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының (ЮНЕП) жаңа есебінде айтылған. Рекордтық аптап ыстық, жойқын су тасқындары мен басқа да төтенше табиғи құбылыстар — планетаның жылдам жылып жатқанын көрсететін белгілер. Есеп авторларының айтуынша, жақын жылдары Жердің жаһандық температурасы қауіпсіз деп саналатын межеден асып кетуі мүмкін.

«1,5 градус үшін күрес — адамзат үшін күрес. Алдағы бірнеше жылда біз 1,5°C шегінен асып кетуіміз әбден мүмкін», — деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш.

2015 жылы қабылданған Париж келісімі жаһандық жылынуды қауіпсіз шекте ұстауды мақсат етеді. Алайда есепке сәйкес, халықаралық қауымдастық бұл мақсатқа жету үшін қажетті қарқынмен әрекет етіп жатқан жоқ.

«Төтенше аптап ыстық климаттың әсері бұрынғыдан да тезірек байқалып, салдары ауыр әрі ұзаққа созылатынын көрсетіп отыр. Бұл адам өміріне қауіп төндіріп, қоғамға елеулі соққы әкелуде», — деді ЮНЕП атқарушы директоры Ингер Андерсен. Оның айтуынша, парниктік газдар шығарындыларын қысқарту, климаттық тұрақтылықты күшейту және бейімделу шараларын жеделдету қажет.

«Температураның әрбір қосымша үлесі адам өміріне әсер етіп, адамдардың күнкөрісіне нұқсан келтіреді, теңсіздікті күшейтеді және экожүйелерге орны толмас зиян келтіру қаупін арттырады. Адамзат климаттық апаттың алдын алу барған сайын қиындай түсетін межеге жақындап келеді», — деді Гутерриш.

Соған қарамастан, БҰҰ Бас хатшысы жылдам әрі батыл әрекет ету арқылы жаһандық жылынудың шарықтау шегін барынша төмен деңгейде ұстап, 1,5°C межесінен асып кету кезеңін мүмкіндігінше қысқартуға болатынын атап өтті. Яғни басты міндет — температураның қаншалықты көтерілетінін және қауіпсіз межеден қанша уақыт жоғары болатынын барынша азайту.

БҰҰ-ның пікірінше, бұл үшін климат саласындағы мақсат-міндеттерді күрт күшейту қажет. Оған қазба отыннан жедел бас тарту, жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдету, метан шығарындыларын айтарлықтай қысқарту, сондай-ақ жер ресурстарын, ормандар мен мұхиттарды қорғау кіреді.

Үкіметтер өздерінің ұлттық климаттық жоспарлары мен таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізу жөніндегі міндеттемелерін орындап қана қоймай, оларды күшейтуі тиіс. Ал дамыған елдер климаттың өзгеруіне бейімделуге бөлінетін қаржыландыру көлемін үш есеге арттырып, ең жоғары тәуекелге ұшыраған мемлекеттерге қолдау көрсетуі қажет.

БҰҰ есебінің негізгі қорытындылары

  • 1,5°C межесінен асқаннан кейін, температураның әрбір қосымша үлесі мен әрбір жыл климаттық тәуекелдерді күшейте түседі. Адамзат экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуі, экожүйелердің жойылуы, шағын арал мемлекеттері мен теңіз деңгейінен төмен орналасқан қалалардың су басу қаупінің артуы, сондай-ақ денсаулыққа, азық-түлік қауіпсіздігіне, су ресурстарына, инфрақұрылым мен экономикаға келетін залал сияқты қауіптерге тап болады.
  • Қайтымсыз өзгерістердің басталу қаупі артады. Олардың қатарында ірі мұз жамылғыларының тұрақсыздануы мен Амазония экожүйесінің деградациясы бар.
  • Климаттың өзгеруін тежеу және оған бейімделу шаралары қатар жүзеге асырылуы тиіс.
  • Таза нөлдік шығарындыларға қол жеткізу — түпкілікті мақсат емес, теріс шығарындыларға қарай жасалатын келесі қадамның негізі.
  • Нәтижеге жету үшін саяси ерік-жігер, тиімді мемлекеттік саясат, баршаға ортақ басқару тетіктері және жеткілікті қаржыландыру қажет.
  • Климаттың өзгеруіне жауапкершілігі жоғары елдер әрекетін жеделдетіп, климаттық мақсаттарын барынша күшейтуі тиіс.

https://qazaqgreen.com/kz/news/world/3831/

Scroll to Top