ACWA Power мен KOWEPO Өзбекстандағы ЖЭК бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

ACWA Power мен KOWEPO Өзбекстандағы ЖЭК бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

 

QAZAQ GREEN.  Саудиялық ACWA Power энергетикалық компаниясы мен оңтүстіккореялық Korea Western Power Co., Ltd. (KOWEPO) Өзбекстандағы жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеуге бағытталған өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға Ташкентте қол қойылды. Құжат жаңартылатын энергетика, энергия сақтау жүйелері және оларға қатысты инфрақұрылым салаларындағы ықтимал жобаларды бірлесіп зерделеуге мүмкіндік береді.

Қол қою рәсіміне ACWA Power компаниясының Орталық Азия бойынша президенті Абид Малик пен KOWEPO бас директоры Ли Джонг-бок қатысты.

Бастапқы кезеңде компаниялар Өзбекстандағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін анықтауға басымдық береді. Ықтимал жобалар әрі қарайғы бағалау, ішкі келісімдер және тиісті түпкілікті келісімдер жасалғаннан кейін жеке-жеке қаралатын болады.

Абид Маликтің айтуынша, меморандумға қол қоюға дейін компаниялар бірнеше ай бойы өзара іс-қимыл жүргізген. Оның ішінде KOWEPO өкілдерінің ACWA Power компаниясының Өзбекстандағы нысандарына сапары да болды. Оның сөзінше, келісім ЖЭК пен оған байланысты инфрақұрылым салаларындағы жаңа мүмкіндіктерді зерделеуге, сондай-ақ кореялық қаржы институттарын перспективалы жобаларға тартуға жол ашады.

KOWEPO бас директоры Ли Джонг-бок меморандумды Өзбекстанның жаңартылатын энергетика нарығындағы мүмкіндіктерді зерттеудегі маңызды қадам деп атады. Компания екі тараптың тәжірибесі мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, ықтимал ынтымақтастық бағыттарын бағалауды жоспарлап отыр.

KOWEPO Өзбекстан үкіметімен және жергілікті компаниялармен ынтымақтастығын да кеңейтуді көздейді. Жаңа меморандум компанияға елде ірі энергетикалық жобаларды жүзеге асырып жатқан ACWA Power компаниясымен ықтимал серіктестік бағыттарын зерттеуге мүмкіндік береді.

https://qazaqgreen.com/kz/news/world/3811/

Scroll to Top