
QAZAQ GREEN. COP29 конференциясынан кейін 2030 жылға қарай энергия жинақтау жүйелерінің қуатын арттыру жөніндегі елдердің ұлттық мақсаттары үш есеге жуық өсті. Алайда олардың жиынтық көрсеткіші 1 500 ГВт көлеміндегі жаһандық міндеттемеден әлі де төмен. Бұл туралы Ember талдау орталығының жарияланған есебінде айтылған.
Ember сарапшылары жаңартылатын энергия көздері бойынша әлемдік қуаттың 97%-ын қамтитын 98 ел мен Еуропалық одақтың мақсаттарын талдаған. Қазір 2030 жылға белгіленген ұлттық мақсаттардың жиынтық қуаты 822 ГВт-қа жетті. Бұл COP29-ға дейінгі көрсеткіштен 190%-ға жоғары.
Ал COP29 аясында 74 ел қол қойған жаһандық міндеттеме энергия жинақтау жүйелері мен электр желілерінің қуатын алты есеге арттырып, 2030 жылға қарай 1 500 ГВт-қа жеткізуді көздейді.
Ұлттық мақсаттардың өсуіне негізінен Қытай мен Еуропалық одақ үлес қосқан. Қытай 15-бесжылдық жоспарында энергия жинақтау қуатын арттыру жөніндегі межесін 330 ГВт-қа көтеріп, 130 ГВт-тан 460 ГВт-қа жеткізді. Оның ішінде жаңа үлгідегі энергия жинақтау жүйелеріне, негізінен литий-ионды аккумуляторларға, 300 ГВт, ал гидроаккумуляциялық электр станцияларына 160 ГВт қарастырылған.
Еуропалық одақ та алғаш рет бүкіл бірлестікке ортақ мақсат белгілеп, энергия жинақтау қуатын 200 ГВт-қа жеткізуді жоспарлады. Қазір Қытай мен ЕО-ның үлесіне әлем елдері белгілеген жалпы мақсаттардың 80%-дан астамы тиесілі.
«COP29-дан кейін энергия жинақтау саласындағы жаһандық мақсаттардың өсуіне негізінен екі ірі экономика — Қытай мен ЕО ықпал етті. Күн энергетикасы дамыған басқа да ірі нарықтардың көпшілігі 2030 жылға дейін энергия жинақтау бойынша әлі күнге дейін нақты мақсат қойған жоқ. Бұл — жіберіп алған мүмкіндік, өйткені мұндай межелер инвесторларға жаңа жобаларды іске асыруға сенімділік береді», — деді Ember сарапшысы Кэти Альтиери.
Сонымен бірге энергия жинақтау жүйелерін іске қосу қарқыны үкіметтердің жоспарларынан да озып келеді. 2025 жылы әлемде жалпы қуаты 118 ГВт болатын энергия жинақтау жүйелері пайдалануға берілді. Оның 108 ГВт-ы аккумуляторлық жүйелерге тиесілі. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға көп. Жылдық өсімнің 54%-ын Қытай, 16%-ын АҚШ қамтамасыз етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлемде орнатылған энергия жинақтау жүйелерінің жалпы қуаты 430 ГВт-қа жетті.
Елдердің ұлттық мақсаттарына жету үшін 2026–2030 жылдары жыл сайын 78 ГВт қуат қосу жеткілікті. Бұл 2024 және 2025 жылдардағы нақты көрсеткіштерден әлдеқайда төмен. Егер 2025 жылғы өсім қарқыны сақталып, қосымша жеделдету болмаса, 2030 жылға қарай жалпы қуат 1 020 ГВт-қа жетуі мүмкін.
Ал 1 500 ГВт көлеміндегі жаһандық міндеттемені орындау үшін жыл сайын 214 ГВт жаңа қуат іске қосылуы керек. Бұл — 2025 жылғы рекордтық көрсеткіштен екі есеге жуық көп.
Дегенмен Ember сарапшылары мұндай межеге жетуге болады деп есептейді. 2020 жылдан бері аккумуляторлық энергия жинақтау жүйелерінің жыл сайынғы жаңа қуаты орта есеппен 80%-ға жуық өсіп келеді. Сонымен қатар соңғы он жылда олардың құны жылына орта есеппен шамамен 20%-ға арзандаған.
Ember деректеріне сәйкес, күн энергетикасының қуаты ең жоғары 20 елдің тек 12-сі ғана 2030 жылға дейін энергия жинақтау бойынша мақсат белгілеген. Сарапшылардың пікірінше, мұндай нақты мақсаттар инвестиция тартуға және электр энергетикасы жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.
https://qazaqgreen.com/kz/news/world/3942/
