
QAZAQ GREEN. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарлар дүниесі, орман және аңшылық шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Құжаттың негізгі жаңалықтарының бірі — энергетикалық жобаларды іске асыру кезінде құстарды және биоәртүрлілікті қорғауға қатысты қатаң нормаларды енгізу болды.
Жаңа заңға сәйкес негізгі өзгерістер:
— Құстар үшін қауіпті электр жеткізу желілерін (ЭЖЖ) арнайы құсқорғау құрылғыларынсыз жобалауға, салуға, реконструкциялауға және жаңғыртуға енді Қазақстанда тыйым салынады.
— Қорғау регламенті: Электр жеткізу желілерін (ЭЖЖ) құстар үшін қауіпті санатқа жатқызу өлшемшарттары мен құсқорғау құрылғыларына қойылатын талаптарды уәкілетті орган электр энергетикасы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп айқындайды.
— Жел қондырғылары үшін экоаудит: Жел электр стансаларын (ЖЭС) жобалау кезінде олардың жануарлар дүниесінің биологиялық әртүрлілігіне әсерін бағалау міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Мұндай бағалауды жүргізу тәртібін де уәкілетті орган бекітеді.
Бұл түзетулер техникалық прогрестің ел экожүйесіне теріс әсерін барынша азайтуға бағытталған. Жаңа нормалар (атап айтқанда, заңның 6-тармағының 9-тармақшасы) 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енетінін атап өткен жөн.
Сарапшылардың айтуынша, бұл шаралар Қазақстан арқылы өтетін құстардың көші-қон бағыттарында жаңартылатын энергетика нысандарының қарқынды дамуы жағдайында ерекше маңызға ие.
https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3669/
