Қазақстанда 2027 жылы 570 МВт жаңартылатын энергия қуаты іске қосылады

Қазақстанда 2027 жылы 570 МВт жаңартылатын энергия қуаты іске қосылады

QAZAQ GREEN. Қазақстанда 2027 жылы жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері нысандарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл жобалар ел бойынша іске қосылатын 845 МВт жаңа генерациялық қуаттың негізгі бөлігін құрайды, деп хабарлайды Энергетика министрлігі.

Жоспарға сәйкес, Алматы облысында қуаты 100 МВт күн электр станциясы салынады. Қызылорда облысында жалпы қуаты 120 МВт болатын күн және жел энергетикасы жобалары жүзеге асырылады. Олардың қатарында қуаты 70 МВт болатын күн электр станциялары және 50 МВт жел электр станциясы бар. Ақтөбе облысында әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясын іске қосу көзделген.

Сондай-ақ Түркістан облысында қуаты 50 МВт жел электр станциясы, ал Абай облысында жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы пайдалануға беріледі.

Жаңартылатын энергия жобаларымен қатар, 2027 жылы дәстүрлі генерация саласында да жаңа қуаттар іске қосылады. Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын бес газтурбиналық қондырғы, «МАЭК» ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысы, «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын бес газпоршеньді қондырғы және «Kazakhmys Energy» ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысы іске қосылады.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, жаңа қуаттарды пайдалануға беру 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жыл соңына қарай шамамен 1,3 млрд кВт·сағат көлемінде электр энергиясының профициті қалыптасады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарланған. Оның ішінде төрт газ электр станциясы, екі қолданыстағы электр станциясын кеңейту жобасы және жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысаны бар.

https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3796/

Scroll to Top