Қазақстан Швейцария, Үндістан және Германиямен жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан Швейцария, Үндістан және Германиямен жаңартылатын энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

QAZAQ GREEN. Энергетика министрі Ерлан Аккенженов Швейцария, Үндістан және Германияның Қазақстандағы дипломатиялық өкілдерімен кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.

 

Швейцарияның Қазақстандағы Елшілігінің Уақытша сенімді өкілі Джорджо Помпилиомен өткен кездесуде министр Қазақстанның мұнай-газ кешенін, мұнай-газ химиясы мен көмір химиясын, электр энергетикасы және жаңартылатын энергия көздерін жүйелі түрде дамытып жатқанын атап өтті. Озық технологияларды енгізу және энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыру мәселелері де ерекше қарастырылды. Тараптар швейцариялық компаниялармен инвестициялық және технологиялық әріптестікті кеңейту перспективаларын талқылады.

 

Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангалмен өткен келіссөздерде Ерлан Аккенженов үндістандық компаниялар мен инвесторларды Қазақстанның энергетика секторына тарту мәселесіне ерекше назар аударды. Тараптар мұнайды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясын дамыту, электр энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту, сондай-ақ жаңартылатын энергетика саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

 

Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Моника Иверсенмен өткен кездесуде қазақстандық-германдық энергетикалық ынтымақтастықтың дәстүрлі энергетика, мұнай өңдеу және жаңартылатын энергия көздерін қамтитын көпсалалы сипаты атап өтілді. Сонымен қатар, Қазақстан мұнайын Германияға тұрақты жеткізу мәселелері де қарастырылды.

Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделілік білдірді.

https://qazaqgreen.com/kz/news/kazakhstan/3598/

Scroll to Top