Жасыл климат қоры Орталық Азия мен Кавказдағы инвестиция көлемін екі еседен астам арттырды

Жасыл климат қоры Орталық Азия мен Кавказдағы инвестиция көлемін екі еседен астам арттырды

QAZAQ GREEN.  Жасыл климат қоры (GCF) Орталық Азия мен Кавказдағы климаттық жобаларға бағытталған инвестициялар көлемін екі еседен астам ұлғайтып, бірлескен қаржыландыруды қоса есептегендегі портфелін 2,1 млрд доллардан 5,4 млрд долларға жеткізді. Бұл туралы 7 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында GCF-тің Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Таяу Шығыс бойынша өңірлік директоры Томас Эрикссон мәлімдеді.

«Бүгінде өңірде айқын өзгеріс байқалады: GCF инвестициялары екі еседен астам артты, жүйелік климаттық орнықтылыққа басымдық күшейді және қаржыландыру елдерге бұрынғыдан да жақындай түсті. Біз GCF-ті өңірдің негізгі климаттық серіктесі ретінде қалыптастыруды көздейміз», — деді Томас Эрикссон.

Оның айтуынша, Қордың соңғы директорлар кеңесінің отырысында Тәжікстан мен Қырғызстанға арналған жалпы құны 220 млн долларға жуық екі жаңа жоба мақұлданды. Оның ішінде 94 млн долларды GCF қаржыландырады. Жобалар су қауіпсіздігін нығайтуға, климатқа бейімделуді күшейтуге және орнықты инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.

2024 жылдың қыркүйегінен бері GCF-тің өңірдегі инвестициялары Region-first стратегиясының арқасында екі еседен астам өсті. Бұл тәсіл ұлттық басымдықтарға негізделген жобаларды іске асыруды көздейді.

Қордың мәліметінше, жүзеге асырылып жатқан жобалар 10 миллионнан астам адамды қамтыды. Соның нәтижесінде 40 мыңға жуық адам таза суға қол жеткізді, 51 мыңнан астам фермердің климатқа төзімділігі артты, 550 МВт жаңартылатын энергия қуаты іске қосылды және 3 млн тоннадан астам CO₂ шығарындыларының алдын алынды.

GCF Азия даму банкімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан Glaciers to Farms бағдарламасына 250 млн доллар бөледі. Бағдарлама Орталық Азиядағы мұздықтардың еруіне бейімделуге бағытталған және 3 млрд доллардан астам қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Жоба тоғыз елде шамамен 13 миллион адамды қамтиды.

Арменияда БҰҰ Даму бағдарламасымен бірлескен жоба аясында 470-тен астам ғимарат жаңғыртылып, энергия тұтыну 60%-ға дейін қысқарды. Бұл жоба 550 мыңнан астам адамның өмір сапасын жақсартып, жыл сайын 32 мың тоннаға жуық CO₂ шығарындыларын азайтады.

GCF өңірдегі қызметін кеңейту мақсатында 2027 жылы Иорданияның Амман қаласында Орталық Азия, Кавказ және Таяу Шығыс елдеріне қызмет көрсететін өңірлік кеңсе ашуды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Жасыл климат қоры (GCF) 2024 жылдың соңында дамушы елдердің климаттық қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту және жобаларды дайындау үдерісін жеделдету мақсатында өңірлік жұмыс моделіне көшті. GCF Басқармасының Орталық Азиядағы алғашқы, 45-отырысы 2026 жылғы 29 маусым – 2 шілде аралығында Душанбе қаласында өтті.

Отырыста GCF-тің 369,1 млн АҚШ доллары көлеміндегі қаражатын қамтитын және бірлескен қаржыландырумен бірге жалпы құны 700,6 млн долларды құрайтын 10 жаңа жоба мақұлданды. Олардың қатарында Сирия мен Орталық Африка Республикасындағы алғашқы жобалар, сондай-ақ Тәжікстан мен Қырғызстандағы климатқа бейімделу мен су қауіпсіздігін күшейтуге арналған екі жоба бар.

Жаңа шешімдерден кейін GCF-тің Орталық Азиядағы инвестициялар көлемі бірлескен қаржыландыруды қоса есептегенде 4,43 млрд АҚШ долларына жетті. Оның ішінде Қордың тікелей қаржыландыруы 844 млн долларды құрайды.

https://qazaqgreen.com/kz/news/world/3691/

Scroll to Top